Жыл басынан бері 48 бала жоғалған

Атырау облысының полиция органдарына биылғы жыл басынан
балалардың жоғалуы туралы 48 хабарлама келіп түсіп, жоғалған барлық кәмелетке толмағандар табылды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.
Жасөспірімдердің ата-аналарына ескертпей үйден кету, өз беттерімен өзен-көлдерге шомылып, күні-бойы өз беттерімен қыдырыстап жүретін жайттар жиі кездеседі.
Осындай бір оқиға жақында тіркелді. 11 және 13 жастағы бір үйдің екі баласы әке-шешесіне айтпай, өзенге барып шомылып жүріп уақыттың кеш болғанын байқамаған. Балаларының үйге келмегендеріне мазасызданған анасы полицияға арызданған, іздеу барысында қаладағы Әлиев көшесіне жақын Жайықтың жағасынан балалар аман сау табылып, ата-анасында табыс етілді. Ал балалары белгіленбеген жерде шомылғаны үшін ата-анаға әкімшілік хаттама толтырылып, сот қаулысымен ескерту шығарылды.
Сонымен қатар, ата-аналарымен түсініспей, туындайтын кикілжіңдер барысында баланың үйден кету жағдайы жиі болады.
Мұндай жағдайлар облыс орталығында, Мақат, Индер және Қызылқоға ауданында орын алған. Полиция қызметкерлерімен үйінен кетіп қалған кәмелетке толмаған жасөспірімдер үйлеріне қайтарылып, ата-аналарымен, баламен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, қаңғыбастыққа бейім жасөспірімдерде жоқ емес, мұндай жайттар өңірдің қала, аудандандарында анықталып, профилактикалық жұмыстар жүргізіліп отырады.
Жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданған осындай жеті құжат
қаралып, балалардың ата-аналарына ескерту берілді. Ал 2006 жылы туған кәмелетке толмаған баланы Маңғыстау облысында орналасқан девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернатқа орналастырған.