Мұқтаж оқушыларға компьютер мен роутерлер беріледі
Биылғы оқу жылында облыстың 196 мектебінде 131 900 оқушы білім алады. Бұл туралы облыс әкімі Махамбет Досмұхаметов брифингте мәлімдеді.
Пандемия жағдайына байланысты 2020-2021 оқу жылын оқушылар қашықтықтан оқиды. Бірақ ата-аналар өтінішіне орай, бастауыш сыныптар үшін кезекші сыныптар ұйымдастырылады.
Облыстағы 16 693 оқушыға компьютер қажет деген облыс басшысы бұл мәселені шешу үшін жаңа оқу жылы басталғанша оқушыларға 15 246 мектеп компьютерлері қайтарымды келісіммен таратылып беріліп жатқанын айтты.
Бірінші кезекте көп балалы отбасылар мен аз қамтылған жанұяларға берілетінін айрықша атап өткен Махамбет Досмұхамбетов: — 3000 бала үшін интернет қажет болып отыр. Осы орайда «Қазақтелеком» АҚ интернет желісін қосу жұмыстарын жүргізуде. Одан бөлек ұялы операторлармен келісімдер жүргізіліп, жалпыға міндетті оқу қорынан қайтарымсыз негізде 3000 роутер сатып алынуда, — деді.