Пандемия шаруа қожалықтарына кедергі емес
Махамбет ауданында пандемияға қарамастан, шаруа қожалықтарындағы жұмыстар тоқтаусыз жүруде. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.
Қазіргі уақытта аудан халқын жергілікті қожалықтар малға қажетті шабындық шөппен толықтай қамтамасыз етіп, қолжетімді бағада сатып отыр.
Махамбет аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Олжас Мырзабековтың айтуынша, пандемия кезінде шаруашылықтарда тұралау болмаған.
— Махамбет ауданында үш шабындық алқабы бар. Соның ең байырғысы әрі көлемдісі «1 мамыр» қожалығына қарасты «Шодыр» шабындық алқабы. Жердің көлемі – 923 гектар. Жылына мың жарым тоннаның үстінде ірі сабақты мал азығы алынып, шаруа қожалықтың малдарына берілуде. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары ауданға қарасты «Жарасов», «Бейсәлиева Рауза» шаруа қожалықтарынан қолжетімді бағада мал азығын сатып алып отыр. Шабындық алқаптарында негізінен Бейбарыс, Талдыкөл, Аққайың ауылдарының тұрғындары жұмыс жасайды, — дейді Олжас Мырзабеков.
Сонымен бірге, бүгінде Махамбет ауданындағы қожалықтарда өсірілген бау-бақша өнімдері жергілікті және облыс тұтынушыларына қолжетімді бағада жеткізіліп жатыр.
Осындай шаруа қожалығының бірі – «Дебдиева З». Қожалық басшысы Магомед Магомедовтың сөзінше, егін шаруашылығында тамшылатып суару әдісі жолға қойылған. Жұмысқа өзге ұлт өкілдерімен қатар, жергілікті тұрғындар да тартылуда. Биыл 90 гектар жеріне картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат, қарбыз өнімдерін еккен.
Бүгінде Махамбет ауданында егін шаруашылығымен айналысатын 102, мал шаруашылығымен шұғылданатын 120 қожалық бар.