Жарнама арқылы заңсыз ақша тапқан
Атырау облысында 3 компания жеке және заңды тұлғалардың ақшасын заңсыз тартқан. Бұл туралы ҚазАқпарат облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, Атырау облысының прокуратурасы үлестік тұрғын үй құрылысына мониторинг жүргізген. «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңның талаптарына сәйкес, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу 3 тәсілмен (кепілдік беру қоры, банк немесе әкімдіктің рұқсаты арқылы) ұйымдастырылады.
Өзге тәсілдермен жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тартуға тыйым салынған.
— Мониторинг кезінде Атырау қаласында 3 құрылыс компаниясы жарнаманы бұқаралық ақпарат құралдарында заңсыз жариялап, жеке және заңды тұлғалардың ақшасын рұқсатсыз тартқаны анықталды. Прокуратура «BASTAU CONSTRUCTION», «Real Estate Капитал» және «ORKALI» ЖШС-теріне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 320-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс қозғады. Аталған компанияларға Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты 1,7 млн. теңге көлемінде айыппұл салды, — деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.