Онлайн-құрбандыққа 97 тапсырыс түсті
Атырауда онлайн құрбандық шалуға тапсырыс 31-шілде, 1-тамыз күндері де қабылданады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының мәліметінше қазіргі уақытта qurban2020.kz сайты арқылы онлайн түрде 97 тапсырыс түскен.
— Атыраулықтар 51 қойға, 6 ешкіге, 40 тоқтыға онлайн түрде тапсырыс беріп отыр. Ал құрбан малының етін алуға 380 мұқтаж отбасынан өтініш түсті. Құрбан шалу 31-шілде күні Атырау уақытымен сағат 8:00-де басталады.
Сонымен бірге, құрбан малын онлайн шалуға тапсырыс qurban2020.kz сайты арқылы 31-шілде, 1-тамыз күндері де қабылданады, — деді Алтынбек Ұтысханұлы брифинг барысында.
⠀
Бас имамның айтуынша, бүгінгі таңда Атырау облысы əкімдігі тарапынан құрылған штабтан тыс, орталық «Иманғали» мешіті тарапынан 12 бригада құрылған. Аталмыш бригада онлайн арқылы берілген тапсырыс аясында құрбан малын союмен айналысып, құрбан шалушыларға фото, видео есептер жіберіп отырады.