Құрылыстарда да санитарлық норма сақталмай тұр
Атырау полицейлері құрылыс нысандарында рейдтік іс-шаралар жүргізу кезінде санитарлық нормалар сақталмаған бірнеше дерек анықтады. Бұл туралы Атырау облысы полиция департаменті хабарлады.
— Полиция қызметкерлері қаладағы құрылыс нысандарында жұмыс жасап жатқан шетел азаматтары тараптарынан карантиндік режимге байланысты санитарлық нормаларды сақтамау деректерін анықтады, — деді облыстық полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.
Рейдтік іс-шаралар барысында Нұрсая-3,Нұрсая-2 ықшамаудандарындағы және Жеңіс саябағы маңайында Жайық жағалауындағы салынып жатқан құрылыс нысандарында жұмысшылар медициналық бетперделерсіз жұмыс жасаған, сондай-ақ, құрылыс нысандарының үшеуінде де антисептикалық құралдар болмаған.
Барлық жинақталған құжаттар жұмыс берушілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.