Әлеуметтік орталықтар қауіпті дерттен аман
Атырау облысындағы әлеуметтік орталықтарда қауіпті дерт тіркелмеген. Бұл туралы BAQ.KZ хабарлады.
Атырау облысында қарттарға, 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға және жүйке ауруымен ауыратын ересектерге арналған 3 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бар.
— Ересектерге арналған орталық Махамбет ауданындағы Сарайшық ауылында орналасқан. Ал қарттар үйі мен мүгедек балаларға арналған орталық – Атырау қаласында. Қазір осы жерлерде 438 адам орналасқан. Оның ішінде 38 бала, 85 қарт және жүйке ауруына шалдыққан 315 адам бар. Төтенше жағдай кезінде осы қамқоршысы жоқ жандарға әлеуметтік сала қызметкерлері бар күш-жігерлерін салып, оларды қауіпті дерттен қорғады, — дейді Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолла.
Облыстағы әлеуметтік орталықтарда 358 маман жұмыс істейді. Басқарма басшысының айтуынша, қарттар мен жарымжандардың жағдайы тұрақты, қауіпті дерттен дін аман екен.
— Бұл орталықтағылардың жағдайы жақсы. Азық-түліктері, дәрі-дәрмектері жеткілікті. Жиі аралап, тұрмыстарын бақылап тұрамыз. Санитарлық дәрігерлер де келіп, оларды қадағалайды, — деді Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолла.