Атырауда жаңа полигон салынады

Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ҚР Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг барысында айтты.
Жиында халықтан бірнеше сұрақ келіп түсті. Солардың бірі әлеуметтік желілерде жиі көтерілетін Атыраудағы жағымсыз иіске қатысты болды. Осы мәселе қалай шешілетініне министр жауап берді.
— Мұндай жағдай шілденің басында басталды. Біз қоршаған ортаның сапасы бойынша күн сайын бақылау жүргіземіз. Бұл алдымен қаланың солтүстігінде орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны мен сасық сайға байланысты болып отыр. Әкімдік жаңа полигон салуға 50 гектар жер бөлді. Жобалық-сметалық құжат әзірленді. Енді әкімдік қазіргі заманғы санитариялық талаптарға сай полигонды салуға кіріседі деп ойлаймыз, — деді ол.
Министр барлық кәріз ағыны сасық сайға құйылатынын айтты.
— Осы орайда әкімдікпен бірлесіп, қаланың сол жағалауынан жаңа кәріз тазалау қондырғыларын жасақтауға жер учаскесі бөлінді. Атыраудағы проблема осылай шешілмек. Сондай-ақ, біз әкімдік пен Атырау мұнай-газ зауыты сасық сайларды жою бойынша жұмысты жүргізеді деп үміттенеміз, — деді министр.