Жөндеуге бөлінген қаржыны жеп қойды
Атырау облысында кәсіпорын директорының орынбасары 4,7 млн. теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды. Бұл туралы ҚазАқпарат Қаржы мониторингі комитетіне сілтеме жасап хабарлады.
Атырау облыстық Экономикалық тергеу департаменті ЖШС директорының орынбасарына қатысты ҚР ҚК-нің 189-б. 3-б. 1-тармағы бойынша (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтады.
Аталмыш тұлға өз қызметтік бабын пайдаланып, «Индер көпбейінді ауыл шаруашылығы колледжі» КМҚК-ның оқу ғимаратын күрделі жөндеуге бөлінген 4,7 млн.теңге сомасындағы бюджеттік қаражатты жымқырған.
Күдіктінің кінәсі сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жинақталған айғақтармен дәлелденіп, келтірілген шығын сомасы Атырау облысының Сот сараптамасы институтымен расталды.
Индер аудандық сотының үкімімен кәсіпорын директорының орынбасары кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.