Атырауға дәрі-дәрмек жеткізілді
Атырауға Алматыдан соңғы күндері дәріханаларда тапшы болып кеткен дәрі-дәрмектер тиеген арнайы жүк көлігі жетті, – деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Әкелінген препараттар қаладағы қоймалардың біріне түсірілді.
– Бірнеше күн бұрын облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов дәрі тапшылығын жедел түрде шешуге қатысты тиісті тапсырма берген. Соған сай, Алматыдан қажетті дәрі-дәрмектердің түрлерін шұғыл түрде жеткізілуін қамтамасыз еттік. Сонымен қатар, дәрілер дәріханаларға бұрынғы бағасымен беріледі. Ал дәріханалардағы олардың бағасы қатаң қадағаланады, – деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Ержан Әбілханов.
«INKAR» ЖШС Атырау филиалының директоры Светлана Липатованың айтуынша, дәрі-дәрмектің 430 түрі әкелінген. Оның 50-ге жуығы қазір тапшы болып тұрған антибиотиктер, азитромицин, цефазолин, цефтриаксон және инъекцияға арналған лидокаин ерітіндісі секілді препараттар. Аса қажетті дәрі-дәрмектердің Алматы қаласынан жылдам жеткізілуіне қала әкімдігі логистика жағынан қолдау көрсеткен. Теміржолмен келер болса бұған ұзақ уақыт қажет.
– Әкелінген дәрілік өнімдер бүгінен бастап облыс орталығынан өзге аудан орталықтарына да жеткізіледі. Бұл партия облыстың сұранысын қамтамасыз етеді деп айтуға болады, – дейді компания өкілдері.
Атырау облысының әкімдігі қажетті дәрі-дәрмектерді облыстың барлық дәріханаларына жеткізуді ұйымдастырып, бақылауында ұстайды.
Сонымен қатар, алдағы уақытта препараттардың бағасының белгіленген мөлшерден аспауын қадағалау және олардың әр адамға тиесілі мөлшерден артық сатылмауына қатысты облыс әкімдігі мен Атырау облысы фармацевтика саласында еңбек ететін жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың қауымдастығы «ФармҚауымдастық» қоғамдық бірлестігі және ҚР Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті меморандумға қол қояды деп жоспарланып отыр.