Атырауда 62 медқызметкер індет жұқтырған

Атырау облысында мыңнан аса медицина қызметкері коронавируспен күресуде. Ал солардың 62-сі қауіпті індет жұқтырған. Бұл туралы онлайн брифингте мәлімдеме жасаған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнафис Танбаеваға сілтеме жасап Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

— Дәрігерлерде коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі басым. Өйткені, COVID-19 індетімен күресте дәрігерлер, медбикелер, кіші буын медқызметкерлер, санитарлар, инфекционист мамандар алдыңғы шепте жұмыс істеуде. Көпшілігі бірнеше айдан бері жақындарын көрмеген, бұл моральдық тұрғыдан алғанда өте қиын. Біз медицина қызметкерлерінің осындай еңбектері мен кәсіптеріне адалдықтары үшін алғыс білдіреміз. Қазіргі уақытта оларға тәулігіне 6 сағат жұмыс істеу үшін ауысымдық жұмыс әдісі ұйымдастырылған. Сонымен қатар, жақсы демалулары үшін барлық жағдай қарастырылған, — деді Гүлнафис Танбаева.

Қазіргіуақытта өңірдегі 62 медицина қызметкерінен COVID-19 анықталды, олардың 17-сі инфекциялық стационарда. Қауіпті індетке шалдыққандармен байланысушы тұлғалар апта сайын вирусқа тест тапсырады. Олардың күнделікті дене қызулары өлшеніп, тексеріледі. ЖРВИ белгілері пайда болған жағдайда, жедел түрде анализ алынады.