Назарбаевтың қоры 15 741 мұқтажға көмектескен

Бүгін Атырау облысының әкімі «Biz Birgemiz!» акциясына қатысушы волонтерларды марапаттады. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады. 

«Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Махамбет Досмұхамбетовтің сөзінше, қиын-қыстау кезде Атырау облысы бойынша «Biz Birgemiz!» акциясы аясында 9000-нан астам отбасыға 222 млн. теңгенің көмегі жасалған. Атап айтқанда, жалғызбасты қарттарға, тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға, ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен басқа да мұқтаж жандарға әлеуметтік пакеттер үлестіріліп, көмек көрсетілген. Оларды 300-ден аса партия белсенділері мен еріктілер жеткізіп берді.

Партия төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» республикалық қоғамдық қорынан «Birgemiz — Atyrau» аймақтық қоғамдық қорына 787 млн. теңге қаражат түскен. Оны Атырау қаласы, Жылыой, Мақат, Махамбет, Исатай аудандарының 7 санаты бойынша анықталған 15 741 мұқтаж азаматқа 50 мың теңге мөлшерінде тікелей аудару арқылы ақшалай көмек көрсетілген.

Бұл үрдіс алдағы уақытта Құрманғазы, Қызылқоға және Индер аудандарының 3904 мұқтаж азаматын қамтымақ.

Сонымен қатар, су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысы, Мақтаарал ауданына Атырау облысынан 150 тонна азық-түлік, киім-кешек тиелген гуманитарлық көмек пен 20 тонна балық жөнелтіліп, қосымша қаржылай көмектер де көрсетілді.

— Тікелей осы жұмыстардың басы-қасында жүріп, індеттің өршіп тұрғанына қарамастан, өздеріңіздің бастарыңызды қауіпке тігіп, волонтерлық қызметтеріңізді адал орындап, мұқтаж жандарға көмектескендеріңіз үшін алғыс білдіремін, — деген аймақ басшысы бір топ белсенділерге Н.Ә.Назарбаевтың алғыс хаттарын салтанатты түрде табыс етті.