Аймақ - Әлеумет - 31.03.2020

Жылыой ауданының әкімі үндеу жасады

Құрметті Жылыой ауданының тұрғындары!

2020 жылғы 29 наурыздағы Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қабылдаған №8 қаулысы бойынша Атырау қаласы аумағында карантин жарияланды.

Атырау қаласында коронавирус инфекциясын жұқтырған адам саны 12.
Жылыой ауданы әкімдігінде 4 жұмысшы топ құрылып, сақтық шаралары атқарылуда.

ҚР Президентінің Жарлығының нұсқамасына сәйкес аудан бойынша 330 нысанға хабарлама таратылып, төтенше жағдай режимін бұзған 10 нысанға әкімшілік хаттама толтырылды.

Теңіз кенішіндегі түнгі клубтар, сауда дүңгіршіктері, кинотеатрлар, фитнес залдары, адамдар көп жиналатын ойын-сауық орындары мен нысандардың жұмыстары тоқтатылды. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Теңіз кеніші, Құлсары қаласы, Жаңа-Қаратон кенті және 5 ауылдық округтеріндегі халық көп шоғырланатын жерлерге санитарлық және дезинфекциялық жұмыстары күшейтілді.

Ауданда 2 Провизорлық стационар бар.
Қазіргі таңда Құлсары–Бейнеу бағытындағы жолда санитарлық тексеру бекеті орнатылуда, ал Құлсары–Атырау, Құлсары–Ақкиізтоғай және Құлсары–Теңіз бағыттары бойынша санитарлық тексеру бекеттері іске қосылуға дайын.

Төтенше жағдайға байланысты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімдігі төмендегідей іс-шараларды қабылдады:

* Атырау қаласына және басқа да аудандарға қатынайтын автобустар мен такси көліктерінің жүрісіне шектеу қойылды;
* Атырау қаласынан қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмек тасымалдау тек әкімдіктің рұқсат қағазымен ғана жүзеге асырылады;
* Банкет залдар, тойханалар, кафе-мейрамханалар, ойынханалар, спорттық кешендер, асханалар, моншалар, сұлулық-салондарының жұмыстары уақытша тоқтатылды;
* Кіші аяқдоп және балаларға арналған ойын-сауық алаңдарында ойнауға тыйым салынады;
* Адамдар көп жиналатын демалыс орындары, саябақтар, балабақшалар, Құрсай жағалауындағы жаяу жүргінші жолдары жабылады;
* Ішкі қоғамдық көліктердің жұмыс уақыты кешкі сағат 18:00-ден кейін шектеледі;
* Құлсары қаласындағы өндірістік мекемелер мен халыққа қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлердің жұмысына шектеу қойылады;
* Бірінші сәуірден бастап Теміржол жолаушылар тасымалы пойыздарының жүрісі тоқтатылады;
* Азық-түлік базарлары мен дүкендері және дәріханалар жұмыстарын жалғастырады;

Құрметті жылыойлықтар!

Осындай қиын кезде бәріміз сабыр сақтап, тәртіпке бағынуымыз қажет. Қазіргі әлеуметтік желілердегі жалған әңгімелерге сенбей, ресми ақпараттарға ғана сеніңіздер. Жалған ақпарат тарататындар жауапқа тартылады.
Қазіргі таңда Жылыой ауданында ешбір коронавирус жұқтыру фактісі тіркелген жоқ.

Пандемиядан сақтанудың бірден бір жолы – үйде болу. Балаларыңызды сыртқа шығармай, үйде болуларыңызды сұраймын. Отбасылық іс-шараларды, яғни туған күндер, көрісу, құдалық сияқты дәстүрлерді мүлдем өткізбей, кейінге қалдырыңыздар. Вирусты жұқтырмау үшін көпшілік жерге бармаған дұрыс.

Бәріміз бір адамдай біріксек қана індетті жеңеміз!

Азамат Бекет, Жылыой ауданының әкімі