Ауыл оқушыларының республикалық олимпиадасы басталды
Атырауда ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың бірінші кезеңі басталды, деп БАТЫС.ИНФО.
Еліміз бойынша алғаш рет өткізіліп отырған олимпиадаға 9-11 сынып оқушылары қатысуда. Атырау облысы бойынша қала маңындағы ауыл мектептері мен 7 ауданнан 110 мектеп, 3087 оқушы қатысып отыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, облыстық білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбеков білім додасына қатысушы оқушыларға сәттілік тіледі.
– Бұл бастаманың мақсаты – ауылдық білім беру ұйымдарындағы оқушылардың дарындылығы мен қабілеттерін анықтау. Сондай-ақ, қолдау үшін оңтайлы жағдайлар жасау, неғұрлым академиялық қабілетті оқушыларды іріктеу, – деді Е.Сламбеков.
Олимпиада жалпы білім беретін пәндер бойынша жаратылыстану-математикалық бағытта: математика, физика, химия, биология, информатика, география пәндерінен өткізілсе, қоғамдық-гуманитарлық бағытта: қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі, орыс тілі мен әдебиеті, орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі, Қазақстан тарихы, құқық негіздері, ағылшын тілі пәндерінен өткізіліп отыр.