Полицейлер қызметі күшейтілген жүйеге ауысты

Қараша айының соңғы он күндігінде полиция қызметкерлері қызметтің күшейтілген жүйесіне ауыстырылды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.

Бұл дегенің – саяжайларда, құрылыс объектілерінде, базарларда, шаруа қожалықтарда, жалдамалы пәтерлерде, шалғай жерлерде тексеру жүргізіледі деген сөз.

Алкогольді ішімдік ішу, қоғамдық орындарда мас күйде жүру, белгіленбеген жерлерде темекі шегу, ұсақ бұзақылық жасау, ортақ пайдалану орындарын ластау, тыныштықты бұзу, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтарға жол беруге “мүлдем төзбеушілік” қағидаты қолданылады.

Қорғау нұсқамасы шығарылған, мінез-құлқына ерекше талаптар қойылған, ІІО есебіне алынған адамдар, маскүнемдер, нашақорлар, қолайсыз отбасылар арасында құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша рейдтер жүргізіледі.

Сонымен қатар, жол жүрісі қозғалысы мәселесіне бақылау күшейтілді. Стихиялық қоқыс орындарын және олардың шығу көздерін анықтау бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Іс-шара жергілікті атқарушы органдармен, “Amanat” партиясының өңірлік филиалдарымен, үкіметтік емес ұйымдардың, жастар қозғалыстарының және БАҚ өкілдерімен өзара іс-қимыл аясында өткізіледі. Операцияның негізгі бағыты – қоғамдық тәртіпті сақтауды және көшелердегі профилактиканы күшейту.

– Әр қызметкер заң атынан нақты әрекет етуі керек. Азаматтармен сыпайы болуды ұмытпау қажет. Заң бәріне бірдей, – деп атап өтті Ішкі істер министрі Ержан Саденов.