Қылмыстық кодекске «Отбасындағы зорлық-зомбылық» туралы бап енгізу ұсынылды
Астана қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы өтті. Бұл туралы БАТЫС.ИНФО хабарлайды.
Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу қазіргі қоғам үшін аса маңызды міндеттердің біріне айналғанын айтты.
Ол азаматтық сектор мен қоғамдық пікір көшбасшыларының осы жағымсыз құбылыспен күресудің тиімді шараларын әзірлеуге және іске асыруға белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР Кодексіне өзгерістер енгізілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны қатаңдату үшін бірқатар пәрменді шаралар қабылданды. 1 шілдеден бастап полиция арыз күтпей, құқықбұзушылық анықталған кезден іс қозғайды. Жаңа түзетулер жәбірленушілердің өтінішінсіз әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік береді. Ол үшін куәгерлердің, көршілердің жауаптары, бейнебақылау камералары мен бейнетіркеуіш жазбалары жеткілікті болады.
Біз нақты іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу арқылы жұмысты күшейтуіміз керек. Ұлттық комиссия басымдықтарды анықтауға бағытталған бірнеше бастамалар мен жобаларды ұсынды, – деді ұлттық комиссия төрағасы.
1 шілдеден бастап тұрмыстық құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейгеннен кейін 4 ай ішінде жауапқа тартылғандар саны артқан.
Егер осы жылдың екінші тоқсанында 7 мың адам жауапқа тартылса, үшінші тоқсанда олардың саны 27 мың адамға жеткен. Биыл 60 мың құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға қатысты 75 мың ескерту жасалды. Құқықбұзушылардың мінез-құлқын түзету үшін сот арқылы 12 мың ерекше талап қойылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 10 айдың қорытындысы бойынша отбасылық-тұрмыстық құқықбұзушылықтар туралы хабарламаларды тіркеу 20%, оның ішінде қылмыстық құқықбұзушылықтар 4,2%, ауыр қылмыстар 12% төмендеді.
Парламент Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмысты іске асыру туралы айтып берді.
Құқық қорғаушы Айман Омарова отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа және жазадан жалтармауға қарсы іс-қимылды күшейту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанай рухани-адамгершілік тәрбие мен ата-аналардың осы үдерістегі рөлін арттыру туралы сөз қозғады.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізілген жұмыстың қорытындысында бірқатар заңнамалық және ұйымдастырушылық-практикалық бастамалар дайындалып, таныстырылды.
Ұлттық комиссия мүшелері әйелдер мен балаларға қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялауды, сондай-ақ зорлық-зомбылықтың қайталануын болдырмау мен алдын алу шараларын әзірлеуді атап өтті.
Олар Қылмыстық кодекске қылмыстың дербес құрамы ретінде «Отбасындағы зорлық-зомбылық» туралы жеке бап енгізуді ұсынды. Мұндай әрекеттер аталған жағдайларды алдын алудан бөлек, құқық қорғау органдарының – полиция, прокуратура және сот қызметкерлерінің арнайы кәсіби даярлығын қалыптастыруда көмектеседі деп санайды.
Сондай-ақ, «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заңға өзгерістер енгізу ұсынылады.
Мәселен, «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жұртшылықтың қатысуы» атты жаңа бап қосу. Ол отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қоғамның белсенді атсалысуына бағытталған бірқатар шараларды қарастырады.
Заңнамаға «Экономикалық зорлық-зомбылық» туралы норманы енгізуге ерекше назар аударылады. Бұл норма отбасылық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерді жүйелі қолдауды реттеуге бағытталған. Осылайша, зардап шеккендерге қажетті қолдауды қамтамасыз ететін заңды тетіктерді белгілеу ұсынылады.
Бұдан басқа, 2018 жылы Бас прокуратура қабылдаған «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» Жол картасын тираждау ұсынылды. Бұл жоба Түркістан облысының екі ауданында пилоттық жоба ретінде сәтті жүзеге асырылды. Сарапшылар оны іске асыруды еліміздің барлық өңірлеріне кеңінен таратуды ұсынады.
Сондай-ақ, смартфондарда мобильді қосымша әзірлеу қажеттілігі туындап отыр. Оның көмегімен құрбандар туыстары мен таныстарына өз өміріне қауіп төніп тұрғаны туралы хабарлай алады.
Одан бөлек, отырыс қатысушылары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарға енгізілетін негізгі бағыттарды талқылады. Ұлттық комиссия бұл бағыттағы жұмысты бастады.
Комиссия мүшелері алдын алу мәселелерінде ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту қажеттігіне тоқталып өтті. 25 қарашада басталатын «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, ауқымды іс-шаралар жүргізілетін болады.
– Біз үшін құқықбұзушыларды жазалап қана қоймай, осы қылмыстардың қайталануын болдырмайтын жүйе құру маңызды. Бұл – біздің отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі шешуші сәт. Біз қоғамымыздағы әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірлесіп және дәйекті түрде әрекет етуіміз керек, – деді Аида Балаева.
Отырыс қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін талқылау үшін бірқатар сараптамалық кездесулерге бастама жасау туралы шешім қабылдады.