10 000 теңгелік мерейтойлық банкнот айналымға шықты
ҚР Ұлттық банкі теңгенің 30 жылдығына орай 10 000 теңгелік жаңа мерейтойлық банкнотты айналымға шығарды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Банкнотта 19 қорғаныш элементі бар. Монета бейнеленген дизайнда негізгі голографиялық элемент қолданылған. Банкнотаның екі жағында да шексіз қозғалыстың символы – «Мёбиус лентасы» бар.
Номиналы 10 000 теңгелік мерейтойлық банкнот өз құнына сай Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға жатады. Сондай-ақ, банктік шотқа салуға, Қазақстан Республикасының барлық банкінде аударуға және ұсақталуға міндетті делінген.
Банкнотаның алдыңғы бетінде қазақы ою-өрнекпен дәстүрлі стильде безендірілген Қазақстан картасы аймақтарымен бейнеленген. Банкнотаның екінші бетінде картадағы Еуразия құрлығының жалпы контуры сызылған. Онда 5 мм магнитті қорғаныш жіп пен Спарк элементі бар.
Айта кетейік, 1993 жылы 15 қарашада рубльдің орнына алғаш рет қазақстандық төл теңге айналымға енді.