«Бейнебақылау, GPS, әжетханасы бар»: Құлсарыға жаңа автобустар қатынайды

Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен Атырау–Құлсары бағытында тұрақты маршрутта қытынайтын автобустар жаңа 51 орындық Yutong маркалы 6 автобуспен жаңартылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан мәліметке сүйене отырып БАТЫС.ИНФО хабарлайды.

– Автобустардың жаңартылуы – ҚР Үкіметінің 2021 жылғы «Отандық өндірістік автобустарды әлеуметтік маңызы бар бағыттарда қызмет көрсететін тасымалдаушы мекемелерді жеңілдетілген лизингтік қаржыландыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жүйелі жұмыстардың жемісі. Тасымалдаушы мекеме – «ЛаваТранс» ЖШС. Автобустар 51 орындық, ішінде бейнебақылау, GPS жүйесімен, әжетханамен қамтылған, – деді Атырау облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Жанболат Акинов.

Айта кетейік, автобустар күнделікті Атыраудан Құлсарыға қарай және кері бағытта 7 мәрте қатынайды. Билет құны – бір бағытқа 2000 теңге. Автобус Атырау–Құлсары бағытында таңғы 8:00-18:55 аралығында жүрсе, Құлсары–Атырау бағытына таңғы 7:00-17:30 аралығында жүреді.

Сонымен қатар, алдағы жоспарларға сай облысішілік Атырау–Доссор–Мақат бағытына қатынайтын автобустарды жаңарту көзделуде.