Атырауда тоғызқұмалақтан ҚР Кубогы өтуде.
Атырау қаласында ересектер арасында тоғызқұмалақ спорт түрінен Қазақстан Республикасының Кубогі басталды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Додаға Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Павлодар, Астана, Қостанай, Алматы қаласы және Атыраудан барлығы 8 команда, яғни, 48 спортшы қатысып отыр.
Іс-шарада тоғызқұмалақтан мемлекеттік жаттықтырушы Дәулет Әбдікәрімов спортшыларға сәттілік тіледі.
— Бүгін министрліктің қолдауымен тоғызқұмалақтан ересектер арасындағы сайыс басталуда. Біз өз тарапымыздан Атырау облысының әкімдігіне алғысымызды білдіреміз. Қатысушыларға сәттілік тілеймін және жетістіктерге жетулеріне тілектеспін. Әділ сайыс болсын, ең мықтылар жеңсін,- деді Д.Әбдікәрімов.
Айта кетейік, жарыс Абай орталығында 8 қазанға дейін жалғасады.