«Алтын домбыра» халықаралық күй байқауы басталды
Атырауда Халық әртісі Әзидолла Есқалиевтің 90 жылдығына орай «Алтын домбыра» халықаралық күй байқауы басталды. Оған 20 күйші қатысуда. Олардың арасында Өзбекстан, Ресей және Ұлыбританиядан келгендер де бар, дейді «Батыс-Инфо» ақпараттық порталы.
Байқау шарты бойынша күйшілер бірінші кезеңде домбырамен Құрманғазының шығармасын, ал екінші кезеңде шетелдіктер өздерінің ұлттық аспабымен Әзидолла Есқалиевтің күйлерін орындауы тиіс.
Күйшілердің өнеріне Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева, әзірбайжандық композитор Мансур Мәліков және ел-жұртқа белгілі өзге де тұлғалар қазылық етуде.
«Мәдени іс-шараның мақсаты — Әзидолла Есқалиев есімін ұлықтап, шығармаларын кеңінен насихаттау, еліміздегі домбырашылардың кәсіби деңгейін шыңдау және жас домбырашыларды анықтау»,-дейді ұйымдастырушылар.
Халықаралық күй байқауы ертең, 27-қыркүйекте аяқталып, жеңімпаз мен жүлдегерлер марапатталады.