Тарихшы, профессор Жиенбай Бақидың құрметіне мемориалдық тақта ашылды
Атырауда тарих ғылымдарының кандидаты, академиялық профессор Жиенбай Бақидың құрметіне мемориалдық тақта орнатылды. Тақта «Құлагер-Жайық» көпқабатты тұрғын үй кешенінің қабырғасына ілінді, деп хабарлайды «Батыс-Инфо»
Жиенбай Бақи 2012 жылдан бастап өмірінің соңына дейін осы үйде тұрған. Салтанатты іс-шараға марқұмның ағайын-тумасы, Халел Досмұхамедов атындағы университетте кезінде бірге еңбек еткен әріптестері мен шәкірттері жиналып, естелік айтты.
«Оның шәкірті болғанымды мақтанышпен айта аламын. 1982 жылдан өмірінің соңына дейін мен үшін өмірлік ұстаз болды. Ол студенттері үшін тек педагог емес, дос та бола білген жан. Өз уақытын шәкірттерінен аяған емес. Оның есімі ешқашан жүрегімізден өшпейді», — дейді шәкірттерінің бірі Сәния Камилова.
Жиенбай Бақи еңбек жолын Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде бастаған. Оқу бітіргеннен кейін еңбекқорлығымен көзге түсіп, тарих кафедрасының меңгерушісі, факультет деканы қызметтерін атқарды. Ол «Алты алаштың мақтанышы», «Ғанидың жұлдызы», «Өмір белестері» сынды 10-нан астам кітаптың, әдістемелік құралдар мен оқулықтардың авторы.
Жиенбай Бақи «КСРО халық ағарту ісінің үздігі», «ҚР халық ағарту ісінің озаты», «ҚР халық ағарту ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерінің, «Еңбек ардагері» медалінің иегері, Индер ауданының құрметті азаматы.