Жаңалықтар - Заң - 19.09.2023

Мас күйінде көлік жүргізген депутаттың ісі сотта қаралады

«Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Сания Мұратова қала ішінде «Lexus» автокөлігін мас күйінде жүргізген. Сол үшін оған әкімшілік іс қозғалды» деп хабарлайды «Батыс-Инфо»

«Полиция 53 жастағы әйелдің көлігін тоқтатқан. Құжаттарын тексеру кезінде жүргізушіден алкогольдің иісі шығып тұрғаны байқалды. Жүргізілген сараптама нәтижесі оның алкогольді мас күйде болғанын көрсетті. Жүргізушіге ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 596-бабының 3-бөлігі (Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу) және 608-бабының 1-бөлігі (Көлік құралын мас күйде жүргізу) бойынша хаттама толтырылып, материал жиналды және заңды шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жіберілетін болады» деп хабарлады облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Қазіргі кезде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 2 бабы бойынша іс қозғалды.

Айта кетейік, көлік құралын мас күйде басқарғаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айыру көзделген. Бұл баптың санкциясында жазаның өзге түрі қарастырылмаған.

 

Фото newgrodno.by сайтынан алынған.