Атырауда «Қазақстан халқына» қорының қызметі өңірлер үшін» атты дөңгелек үстел өтті
Бүгін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Марат Әбуовтің төрағалығымен және «Қазақстан халқына» қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаеваның қатысуымен «Қазақстан халқына» қорының қызметі өңірлер үшін» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды «Батыс-Инфо» порталы Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасай отырып.
Жиында Л.Шыңғысбаева «Қазақстан халқына» қорының жүзеге асырған қайырымдылық бастамаларына тоқталып, Атырау өңірінде іске асқан және жоспарланған қайырымдылық жобаларына тоқталды.
— Биыл қыркүйек айында 20 дөңгелек үстел өткізу жоспарланған. Өңірлерде кездесу ұйымдастырып, Қордың жұмыстары мен жобаларын талқылап, баяндау үстіндеміз. Сонымен қатар, өңірде жобаларды белгілеу мақсатында кездесулер өтіп жатыр. Жобалардың барлығы жеке тұлғалардан түскен 45 мыңнан астам өтінімнен іріктеліп алынған. Қордың бағдарламалары елдің барлық өңірінде, ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларға баса назар аудара отырып іске асады. Сондай-ақ, Атырау өңірі бойынша 3,2 млрд. теңге сомасына 15 қайырымдылық бағдарламасын жүзеге асырудамыз. Бүгінгі таңда 2,1. млрд теңге сомаға қайырымдылық көмек көрсетілді және 1,1 млрд. теңгеге қолдау көрсету жоспарланып отыр,- деді Л.Шыңғысбаева.
Оның айтуынша, Қор қазақстандықтардың денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларындағы негізгі проблемаларын шешуге бағытталған жалпы сомасы 146,5 млрд. теңгеге 40-тан астам қайырымдылық бағдарлама мен жобаны қаржыландырады және төтенше жағдай кезінде зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетеді.