ӘЙГІЛІ ҚАЗАҚ САТИРИГІ ДҮНИЕДЕН ОЗДЫ
BatysInfo, 9 қараша — Қазақ еліне әзіл-сықақ әңгімесімен танылған сатирик Көпен Әмірбек 72 жасында дүниеден озды.
Қаралы хабарға дейін Көпен Әмірбектің онкологиялық ауруханаға түсіп, ота жасалғаны хабарланған болатын.
Көпен Әмірбек 1950 жылы 29 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданына қарасты Ешкіқора ауылында дүниеге келген. Ең алғаш еңбек жолын Отырардағы халық театрында бастаған.
Кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түседі.
«Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» секілді көпке танымал газеттерде сатира, фельетон бөлімінің меңгерушісі, «Білім және еңбек», «Ара-Шмель» журналында жауапты хатшы, Республиканың Бас прокуратурасы мен Жоғарғы Сотта баспасөз хатшысы болып ұзақ жылдар қызмет істеген. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының сатира кеңесінің төрағасы да болды.
Көпен Әмірбек БАҚ саласында екі рет президент сыйлығын алды. Десе де, «Әртістікті де, өнерді де сатираға алмастырмадым», деп өзінің журналистикадан гөрі сатираға жақын екенін мойындаған ол бүгін де сатира әлеміне артынан өшпес із қалдырып кетті.