Жаңалықтар - 06.10.2023

Қазақстанда ұйымдасқан қылмыстық топтың 72 мүшесі ұсталды.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция органдарымен бірлесе және Бас прокуратураның үйлестіруімен бір мезгілде Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарында арнайы операция жүргізді.

Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Операция барысында қару мен есірткіні заңсыз сақтауға, бопсалауға, заңсыз көші-қон арналарын ұйымдастыруға және өзге де ауыр қылмыстар жасауға күдікті топтардың 72 мүшесі тергеу амалдарын жүргізу үшін жеткізілді.

Топтар өз әрекеттерін Қытаймен («Қорғас» ХШЫО), Өзбекстанмен («Жібек жолы» өткізу пункті) және Қырғызстанмен («Қордай автомобильдік» өткізу пункті) шекаралас учаскелерде жүзеге асырған.

Тінту барысында атыс қаруы оқ-дәрілерімен, ірі ақша қаражаттары, есірткі, сондай-ақ өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Тергеу іс-шаралары жүргізілуде.