Пара бермек болған адам түрмеге қамалды
Атырауда қызыл балықты пробация қызметінің инспекторына пара ретінде бермек болған азамат сотталды.
32 жастағы азамат 2020 жылы Исатай аудандық сотының үкімімен ҚР ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) кінәлі деп танылып, оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Сол себепті ол айына 2 рет пробация қызметіне келіп, тіркеліп тұруы тиіс. Алайда азамат бұл талапты орындамаған.
– Сот үкімімен тағайындалған мәжбүрлі еңбекті орындауға қасақана шықпады. Атырау қаласындағы мекенжайын тексерген кезде, сотталған азамат үйінде болмады. Кейін ол түсініктеме жазып, сотталған азаматқа жазасын өтеуден қасақана жалтарғаны үшін «ескерту» берілген, – деп хабарлайды Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі.
Осындай заңбұзушылықтар жасағаннан кейін, өзінің түрмеге қамалуы мүмкін екендігін түсініп, сотталған азамат пробация қызметкеріне пара ретінде қызыл балық бермекші болып жатқан жерінен ұсталды.
– Пробация қызметкерінің инспекторы сотталған азаматтың арам ойын басшылыққа хабарлап, Атырау облысы ҚАЖД қызметкерлерінің жемқорлық фактілеріне нөлдік төзіммен қарайтындығын тағы бір мәрте дәлелдеді, – дейді ҚАЖД.
Сот үкімімен азамат ҚР ҚК-нің 367-бабымен (Пара беру) кінәлі деп танылып, 2 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жаза өтеу орны ретінде қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесі тағайындалды.