Жоғалған азамат іздестірілуде

Атырауда 54 жастағы ер адам жұмысына шығып кетіп, қайта оралмаған.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, «WDC» ЖШС-де күзетші болып жұмыс істеген Т. Оразалиев 6 наурызда үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған.

– Департаменттің диспетчерлік пультіне 10 наурызда Атырау қаласының тұрғынынан 1967 жылы туған Т. Оразалиевтің 6 наурызда сағат 19.00-де үйден жұмысқа шығып, осы уақытқа дейін қайта оралмағаны туралы хабар түсті. Жоғалған азаматты іздестіруге 10 наурызда жедел құтқару жасағының 7 қызметкері, 4 кинологиялық есеп пен 4 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ, еріктілермен (4 адам мен 2 техника) бірлесіп Бірлік, Ақсай, Жұлдыз-3 елдімекендерінде іздестіру басталды, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Іздестіру жұмыстары 11 наурызда сағат 08:00-де қайта басталып, оған жедел құтқару жасағының 10 қызметкері, 3 техникасы (оның ішінде 2 кинологиялық есеп) мен жоғалып кеткен азаматтың 10 туысы тартылған.