Әскери жөндеушілер кезекті сынақтарынан сәтті өтті
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының техникалық қамтамасыз ету бөлімшелері жылжымалы автомобильдерді жөндеу бойынша мамандарға арналған барлық нормативтерді үздік орындады. Бұл туралы ҚР ҚМ Атырау гарнизоны бойынша баспасөз қызметі хабарлайды.
Техникалық қамтамасыз етудің негізгі іс-шараларына жеке құрамды, қару-жарақ пен техниканы ұдайы дайындық деңгейінде сақтап тұруға және істен шыққан қару-жарақ пен техниканы қалпына келтіру жатады.
Ал әскери қызметкерлер нормативтерді тапсыру барысында өздерінің біліктіліктерін үнемі жетілдіріп, кәсіби шеберліктерін арттырып отырады.
Кезекті сынақ барысында әскери қызметшілер кран жебені орнату және жинау бойынша, техникалық қызмет көрсету посттарын өрістету және ширату, газбен дәнекерлеу нормативтерін сәтті орындаған.
– Біздің бөлімшенің негізгі бөлігін әскери техниканы дайындау мен жөндеуде үлкен тәжірибесі бар келісім-шарт бойынша әскери қызметшілер құрайды. Әскери бөлімнің жауынгерлік дайындығы өте қарқынды болуына байланысты, техникалық қамтамасыз ету мамандарына қару-жарақ пен әскери техниканы оңдауда ұдайы шыңдалып отыруға мүмкіндік бар. Бүгінгі көрсеткіштер соның айқын дәлелі, – дейді материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасының командирі капитан Самғат Ахмет.