Қосқабатты үй толықтай жанып кетті
Атырау облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 23 ақпан күні сағат 20:16 да Атырау қаласы Д. Сүйесінов көшесіндегі коттедж үйден өрт шығып жатқандығы туралы хабар түскен.
– Шақырту орнына Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күш-құралдары жеткен кезде, қосқабатты үй толықтай қызыл жалынға оранған.
Өрттің шығу себебі – жылыту құралын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзу, яғни, тұрғындардың жылыту құралын газ баллонға жалғап пайдаланғаны анықталды. Соның нәтижесінде дүмпу болып тұрғын үй (150 текше метр) толықтай өртеніп кетті, – делінген ТЖД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Өртті сөндіруге 5 техника мен 24 жеке құрам жұмылдырылған. Тілсіз жау 21:08-де оқшауланып, 22:25 минутта толықтай жойылды.