Жаңа мешіттің іргетасы қаланды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау облысына келіп, 500 орындық Қайтпай Сұлтан мешітінің іргетасын қалады. Бұл туралы amin.kz хабарлайды.

Салтанатты рәсімге Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов те қатысты.

Кәсіпкерлердің қолдауымен салынатын мешіт құрылысы бір жылда аяқталады деп жоспарлануда.

– Халқымызда «Азаны бар ауыл азбайды» деген нақыл бар. Мешіт – барша жақсылықтың тоғысқан құтты мекені. Бұл құлшылықтың ғана ордасы болып қалмай, рухани һәм мәдени-ағарту, бірлік пен берекенің ошағына айналады деген сенімдемін. Жаңа мешіт, сонымен қатар, салт-дәстүріміздің, тағылымға толы тарихымыздың насихатшысы, әрі қайырымдылықтың орталығы болады, – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Атырау қаласы маңындағы Еркінқала селолық округінен бой көтеретін Қайтпай Сұлтан мешіті құрылысы жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша қолға алынбақ. Алланың үйі қазақы нақышта салынады деп күтілуде.

500 орындық мешіт ішінде Құран оқу бөлмесі, ерлер және әйелдерге арналған намаз оқу залдары, дәрісханалар болады. Мешіт жанынан асхана, имам үйі салынбақ.
Жаңа құлшылық орны пайдалануға берілген кезде Атырау облысындағы 35-інші мешіт болады.