Англияда барлық оқу орындары 8 наурызда ашылады
Премьер-министр Борис Джонсон ел үкіметінің Англияда коронавирусқа байланысты салынған тыйымдарды алып тастау жөніндегі жоспарлары туралы мәлім етті. Бұл туралы ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Мектептер мен колледждерде барлық білім алушылар оффлайн оқу форматына қайта көше алады.
Б.Джонсон депутаттарға білім алушылар оқуға оралуы үшін орта мектеп пен колледж студенттері аптасына екі рет Covid-19 тестілеуінен өтіп тұруы керектігін айтты.
Мектеп ғимараттарындағы балалар клубтары 8 наурыздан бастап қайта ашылады.
«Практикалық оқытуды, арнайы мүмкіндіктерді немесе сол жерде бағалауды» талап ететін жоғары білім беру курстарында оқитын студенттер де 8 наурыздан бастап дәстүрлі білім форматына көшеді.
Джонсон үкімет колледждер мен университеттерде күндізгі оқуды қайта бастау мерзімдерін қарастырып жатқанын және ол шешім Пасха мерекесінің соңына қарай қабылданатынын айтты.