Биыл қалада басталмақ құрылыстар
Атырау қаласы әкімі Қайрат Оразбаевтың айтуынша, биыл Береке ықшамауданынан 240 пәтерлік бір тұрғын үй және Самал ықшамауданында 432 пәтерлік ірі панельды 16 тұрғын үйлердің құрылысын салу жоспарлануда.
⠀
– Сонымен қатар, Талғайраң елдімекенінде 46 көпқабатты үйлердің құрылысын салу үшін жобалық сметалық құжаттама жасақталды. Және Талғайраң елдімекенінде салынып жатқан 1 080 пәтерлік 24 көпқабатты тұрғын үйге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылыс жұмыстары жүргізілуде, деп атап өтті тұрғындарға есеп берген қала әкімі.
⠀
Бұдан бөлек, «Нұрлы жер» тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Терможаңғырту» бағыты бойынша өткен жылы 4 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтіп тапсырылса, биыл 15 көпқабатты тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарда.
⠀
Сондай-ақ, Томарлы селосы мен Геолог ықшамауданында спорт кешендері салынбақ.
⠀
– Қазіргі таңда Томарлы селосында және Геолог ықшамауданында спорт кешенінің құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда. Және Атырау қаласындағы 25 мектепке арналған спорт алаңының жұмыстары жалғасуда. Олар биыл іске қосылады, – деді Қайрат Оразбаев.
⠀
Еске сала кетелік, өткен жылы Атырау қаласында 17 спорттық нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде 5 футбол алаңы, 2 баскетбол алаңы, 4 воркаут, 6 балалар ойын алаңы бар.