Атырауда 364 киік мүйізімен 2 азамат ұсталды
6 ақпан күні полицейлер екі тұрғынның көлігінен киік мүйіздерін тапты.
Атырау облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Атырау облысы полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы мен Балық қорына қылмыстық қол сұғушылықпен күрес бөлімінің қызметкерлері Геолог ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласындағы екі көлік ішінен барлығы 364 дана киік мүйізін тауып, тәркілеген.
– Бірдей маркалы екі «ВАЗ-21014» автокөлігінің бірінен 200 дана киік мүйізі және еш жерде тіркелмеген қос ұңғылы «ТОЗ-16» маркалы аңшылық мылтығы табылды. Ал екінші көліктен 164 дана киік мүйізі мен рұқсат құжаттары жоқ 4,5 калибрлі «Байкал МР-512» маркалы қару тәркіленді, – делінген Атырау облысы полиция басқармасының баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қазіргі кезде Исатай ауданы мен Атырау қаласының 23 жастағы екі тұрғынына қатысты «ҚР Қылмыстық кодекстің» 339-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.