Зейнетақы жинағын алу өтінімдері көп мақұлданған өңірлер
«Отбасы банк» АҚ басшысы Ләззат Ибрагимова қай облыста зейнетақы жинағының бір бөлігін алу өтінімдері көбірек мақұлданғанын айтты.
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында банк басшысына «қай облыста зейнетақы жинағының бір бөлігін алу өтінімдері көбірек мақұлданды?» деген сұрақ қойылды.
– Алматы – өтінімдерді мақұлдау жағынан және зейнетақы жинақтары бойынша абсолютті көшбасшы.
658 млрд. теңге. Алматы қаласындағы салымшылар (зейнетақының бір бөлігін пайдалана алатын азаматтардың жалпы жинағы) жинаған зейнетақы қоры осындай. Екінші орында – Маңғыстау облысы. Ол өңірдің халқының зейнетақы қорындағы жалпы жинағы 397 млрд. теңге. Үшінші орында – Нұр-Сұлтан қаласы. Елордада бағдарламаға қатыса алатын азаматтардың жалпы зейнетақы жинағы 325,9 млрд. теңге. Төртінші орында – Атырау облысы. Мұндағы бағдарламаға қатыса алатын азаматтардың жалпы зейнетақы жинағы – 257,4 млрд. теңге. Осы төрт өңірдің халқы зейнетақы жинағын пайдалана алатын азаматтардың 70 пайыздан астамын көрсетіп отыр, – деді Ләззат Ибрагимова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.