Махамбет ауданына жаңа әкім тағайындалды
Бүгін Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Махамбет ауданының жаңа әкімін жергілікті активке таныстырды. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлайды.
ҚР Президенті Әкімшілігінің және Махамбет аудандық мәслихаты депутаттары келісіміне сәйкес, облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің Өкімімен Махамбет ауданының әкімі болып Ринат Бауыржанұлы Джанглишов тағайындалды.
Жаңа әкімнің алдына нақты міндеттер жүктеген аймақ басшысы қызметіне сәттілік тіледі.
Зейнеткерлік жасқа толуына байланысты 18 қаңтарда облыс әкімінің өкімімен Жәрдемғали Ахметов 3 жылға жуық басқарған Махамбет ауданы әкімі лауазымынан босатылған еді.
Джанглишов Ринат Бауыржанұлы 1982 жылы 2 желтоқсанда Атырау қаласында дүниеге келген.
Білімі жоғары, 2003 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетінде, 2011 жылы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінде, ал 2017 жылы Атырау мұнай-газ университетінде «заңгер», «экономист» және «мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша білім алған.
Еңбек жолын 2005 жылы Алматы қалалық Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде тергеуші болып бастады.
2020 жылдың қараша айынан бүгінгі дейін Атырау облысы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы болып еңбек етті.