Қуат Хамитовқа сот үкімі шықты
Алмалы аудандық соты аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитовқа қатысты сот үкімін шығарды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Процесс онлайн режимде өтті.
— Қуат Хамитовты ҚР ҚК 272-бабының 3-бөлімімен айыпты деп тауып, 6 айға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарылды, — деді судья.
Айыпталушы сот үкіміне 15 күн ішінде апелляциялық шағым түсіре алады. Оның алдында айтқан соңғы сөзінде, спортшы шетелге шығуға тыйым салмауын өтінген еді.
Қуат Хамитов ҚР ҚК-нің 272-бабы 3-бөлімі бойынша «Билік өкіліне бағынбауға шақыру, жаппай құқықбұзушылыққа тарту, арандату, азаматтарға күш қолдануға шақыру» қозғалған іс Алмалы аудандық сотында қаралып жатыр.
Айта кету керек, былтыр қыркүйекте қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Қуат «Найман» Хамитов полиция бөлімшесіне жеткізілген болатын. Ол әлеуметтік желіде билікке қарсы күш қолдануға шақырған. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 272-бабы 3-бөлімімен іс қозғалды.