Дене шынықтыру мұғалімдерінің айлықтары көбейді

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап дене шынықтыру мұғалімдерінің айлығына жаңа қосымша ақы тағайындалды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

– 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап балабақшалар, мектептер мен колледждердегі дене шынықтыру мұғалімдерінің айлығына жаңа қосымша ақы тағайындалды. Енді дене шынықтыру мұғалімдерінің еңбекақысына ай сайын қосымша 17 697 теңге төленетін болады. Осы ретте дене шынықтыру мұғалімдерінің функционалы кеңейіп отыр, – деп жазды министр Facebook парақшасында.

Оның айтуынша, мұғалімдер әдетте өткізетін дене шынықтыру сабақтарынан бөлек, қосымша спорттық-сауықтыру сабақтарын, яғни секциялар өткізетін болады.

Әр мұғалім қосымша секциялық сабақтар өткізеді, сәйкесінше балалар мектептегі қажетті жабдықтарының болуына байланысты түрлі спорт секцияларына қатыса алады.

– Балаларды спорт секциялары арқылы қосымша сабақтарға тарту – салауатты өмір салтын қалыптастыру, білім алушыларды спортқа баулу және олардың денсаулығын нығайту үшін маңызды екені сөзсіз, – деді Асхат Аймағамбетов.