340 келіден астам есірткі тәркіленген
Жыл басынан бері республика аумағында заңсыз айналымнан 340 келіден астам есірткі алынды. Бұл турплы Polisia.kz хабарлайды.
Биылғы қаңтар айында еліміздің бірқатар өңірінде өткізілген іс-шаралар барысында аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын сақтау фактілері бойынша 90-ға жуық қылмыс анықталды, оның ішінде 59-ы – есірткіні сату, 28-і – сақтау және алтауы – контрабанда дерегі.
Заңсыз айналымнан алынған есірткі құралдарының жалпы салмағы 340 келі. Оның ішінде 77 келі гашиш және 600 грамм героин бар.
Айта кетсек, өткен жылы ішкі істер органдары 2 144 есірткі қылмысын анықтады, оның ішінде өткізудің 1 300 фактісі бар.
Заңсыз айналымнан 26 тоннаға жуық есірткі алынды, соның 100 келісі – есірткінің синтетикалық түрлері. 7 есірткі зертханасы жойылды, олардан пайдалануға дайын 65 келіден астам есірткі алынды.
Психобелсенді заттардың жаңа түрлерін таратудың 80 фактісі тіркелді, оның ішінде есірткі жарнамасының 138 фактісі бар. Есірткі таратумен айналысқан 850-ден астам сайт бұғатталды.