Вирусқа қарсы дәрілердің сатылымнан алынғаны рас па?

Атырауда вирусқа қарсы және дене қызуын түсіретін дәрілер сатылымнан алынбаған.

Бұған дейін WhatsАpp мессенжерінде вирусқа қарсы және дене қызуын түсіретін түрлі преперат дәріханалардан алынып жатыр деген ақпарат тараған.

Бұл деректі облыстық денсаулық басқармасы медициналық көмекті ұйымдастыру және лицензиялау бөлімінің басшысы Нина Оспанова жоққа шығарды.

– Әлеуметтік желіде тараған ақпарат – жалған. Керісінше, өңірлерде коронавирус инфекциясының күн санап көбеюіне байланысты індеттің алдын алу шараларын қатаңдату кезінде дәрілік қорды қайта қарау, толықтыру жұмысы жүргізілуде, – дейді Нина Оспанова.

Оның айтуынша, қазір облыста екі айға жететін жеке қорғаныш құралдары мен дәрілік заттардың қоры сақтаулы тұр.
Сондай-ақ, амбулаториялық жағдайда ем қабылдауға арналған 189 мыңға жуық вирусқа қарсы медициналық препарат, инфекциялық стационарларда 1 миллионға жуық дәрі бар.