ҚХА-дан тоғыз депутат сайланды
Парламент мәжілісіне Қазақстан халқы ассамблеясынан тоғыз депутат сайланды. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлайды.
– Комиссия жұмысын аяқтады, дауыс беру пункті жабық деп жарияланды. Төрт бюллетень жарамсыз деп танылды. Ол жерде ешкімге дауыс берілмеген. Адам қатысып, ешкімге дауыс бермеген. Мұндай бюллетень жарамсыз деп саналады, – деді Нұр-Сұлтан қаласы сайлау комиссиясының төрайымы Бақыт Бектемісова.
Дауыс беруге Қазақстан халқы ассамблеясының 351 мүшесі қатысты.
Мәжіліс депутаттығына кандидаттар үшін берілген дауыс саны:
Мәжілістің VІ шақырылымының депутаты Сауытбек Әбдірахманов – 298;
«Көкшетау гуманитарлық-техникалық лицей-мектебі» КММ директоры Наталья Дементьева – 292;
«Әзербайжандықтар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абилфас Хамедов – 290;
«Барбанг» күрдтер қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Вакиль Набиев – 285;
«Қазақстанның ұлттық коллекторлар палатасы» ЗТБ төрағасы Юрий Ли — 282;
«ЖетысуОблГаз» ЖШС бас директоры Владимир Тохтасунов – 277;
Жамбыл облысы Қордай ауданы Сартөбе ауылдық округінің әкімі Ильяс Буларов – 274;
«Қазақстан татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Шамиль Осин – 271;
Батыс Қазақстан облыстық «Масис» армян этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аветик Амирханян – 270.
Айта кетейік, парламенттің төменгі палатасында 107 мандат бар. Олардың ішінде 98 депутат партиялық тізіммен сайланады. Қазақстан халқы ассамблеясының атынан мәжілісте 9 депутат болады. Кеше, 10 қаңтарда мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау өтті. Ал бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында ҚХА-дан сайланатын депутаттарға дауыс берілді.