Сотталғандар қоғамдық жұмыстарға тартылуда

Атырау облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 70-ке жуық азамат сотпен белгіленген жазасын өтеу үшін қоғамдық жұмысқа тартылған. Олар көшелерді сыпырып, қаланың тазалығына үлес қосып жүр. Жазасын өтеушілердің арасында бұрын мемлекеттік қызметте болған шенеуніктер де бар.

– Қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жаза сот үкімімен жергілікті атқару органдары бекіткен нысандарда жүзеге асырылады. Біздің мақсатымыз – сотталғандарды қоғамдық жұмысқа тарту арқылы тәрбиелеп, қылмыстың қайталануына жол бермеу. Өйткені қоғамдық жұмыстың тәрбиелік мәні тиімділігін дәлелдеді. Жазасын өтеуші азаматтар екінші рет шалыс баспауға тырысады, – дейді Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Манарбек Ғабдуллин.

Департамент бастығының айтуынша, жауапқа тартылғандар күніне 4-тен 8 сағатқа дейін жұмыс істейді. Алайда оларға еңбекақы төленбейді. Жазаға тартылғандардың көпшілігі – есірткіні пайдаланғандар, мас күйінде көлік жүргізгендер, ұрлық жасағандар.

Қазір пробация қызметінің есебінде 1 200 сотталушы тұр. Солардың бірі – Аман. Қылмысы үшін өкінгенмен, қоғамдық жұмысты атқарудан қашпайды.

– Қылмыс жасағаным үшін маған шартты жазамен қатар, қоғамдық жұмысты атқару міндеттелді. Көше тазалап жүргеніме өкінбеймін. Күніне 4 сағат Атырау қаласының көшелерін қоқыстан тазартамын, – дейді жазасын өтеуші Аман.