Тұрақтандыру қорындағы көкөністер саудаға шығарылды

Атырауда тұрақтандыру қорындағы көкөністер облыс орталығындағы сауда орталықтары арқылы сатылымға шығарылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар​ қызметі хабарлады.

– Жергілікті «Агрофеликс» шаруа қожалығымен арада жасалған келісім-шартқа сәйкес, тұрақтандыру қорының қоймасынан 361 тонна картоп,​ 79 тонна пияз, 49 тонна сәбіз, 114 тонна орамжапырақ алынды. Бұл өнімдер «Насиха», «Көктем»,​ «Сарайшық» базарлары арқылы тұтынушыларға ұсынылып отыр, – дейді​ «Атырау» ӘКК» АҚ мемлекеттік жобаларды іске асыру департаменті директорының міндетін атқарушы Гүлмира Меңдалиева.

Оның айтуынша, биылғы мамырда «Идеал Маркет» ЖШС-мен 400 миллион теңгеге келісім-шарт жасалған. Келісімге сәйкес аталған серіктестіктің 36 супермаркет желісі арқылы 15 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатылады. Мұндай азық-түліктің құрамына бірінші сұрыпты бидай ұны, нан, макарон өнімдері, қарақұмық, күріш, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті, сүт, айран, сары май, бірінші санатты тауық жұмыртқасы, ас тұзы, майлылығы 5–9 пайыздық ірімшік пен көкөністің бірнеше түрі енгізілген.
Қазір сауда орталықтарында картоптың келісі 94 теңгеден, пияз – 81, сәбіз – 91, орамжапырақ 92 теңгеден сатылып жатыр.
Облыс әкімдігі бекіткен ​тауарлар нарық құнынан 10–15 пайызға арзан бағамен ұсынылады.