Жүргізуші куәлігін наркологиялық және психодиспансер анықтамасынсыз алуға болады
Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу үшін наркологиялық және психодиспансер анықтамасы талап етілмейтін болады. ҚазАқпараттың мәліметінше, бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов айтқан.
– Шынымен де, мұндай мәселені Ішкі істер министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп талқылап жатыр. Қазіргі уақытта ақпараттық жүйелерді интеграциялауға қатысты жұмыстардың бір бөлігі жүргізілді. Біз жыл сайын шамамен 900 мың жүргізуші куәлігін береміз. Олардың қатарында жүргізуші куәлігін алғаш алатындар, мерзімі өтуіне байланысты ауыстыратындар немесе жаңа санат алатындар бар, – деді ол.
Оның атап өтуінше, Денсаулық сақтау министрлігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ тарапынан тиісті жұмыс жүргізілгеннен кейін жүргізуші куәлігін мерзімі өтуіне байланысты ауыстыратын немесе жаңа санат алатын азаматтардан қағаз түріндегі наркологиялық және психодиспансер анықтамасы талап етілмейді. Бұл мәліметтердің барлығы ақпараттық жүйеден алынады.