Екінші тоқсанда оқушылардың қалай оқитыны белгілі болды
Мектептерде оқу процесі бірінші тоқсандағы режимде жалғасады. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облыстық Білім беру басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиев айтты.
Спикер коронавирус инфекциясының әлемде және еліміздегі жағдайы тұрақты еместігін атап өтті.
Оның айтуынша, 2020–2021 оқу жылында 134 838 оқушысы бар 196 мектеп жұмыс жасауда. Облыстың жалпы білім беретін мектептерінде оқу жылының 1-тоқсанында оқу процесі 3 бағыт бойынша ұйымдастырылған. Шалғайда орналасқан шағын жинақталған штаттық режимдегі 21 мектепте 1 296 оқушы білім алып жатырса, 175 мектепте 108 713 оқушыларға оқу үрдісі қашықтан оқыту технологиясы бойынша ұйымдастырылды. Ал 164 мектепте 1–4 сыныптың 25 023 оқушысын қамтитын 1 887 кезекші сыныптар ашылған.