Жылыойда наркологиялық есепте бір үйден 2 бала тұр
Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың төрағалығымен өткен комиссия отырысында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөнінде айтылды. Бұл туралы облыстық Білім беру басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
⠀
Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіровтің мәліметінше, қазіргі уақытта Жылыой ауданы бойынша полиция есебінде 9 кәмелетке толмаған жасөспірім бар.
Бақытгүл Хаменова Жылыой ауданында наркологиялық есепте бір үйден екі баланың тұруын сынға алып, аудан басшылығына тиісті жұмыстар атқарылуын тапсырды.
⠀
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, бүгінде облыстық психикалық денсаулық орталығында психиатриялық есепте тұрған науқастар үшін 145 төсек-орын бар. Оның ішінде наркологиялық патологиясы бар кәмелетке толмағандар үшін 5 төсек-орын жасақталған. Және ұшпа қосылыстарды қолдану бойынша қазіргі уақытта кәмелетке толмаған үш құлсарылық тіркеуге алыныпты. Барлық балаларға нарколог маман тексеріс жүргізуде.
⠀
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары жауапты органдарға балалардың білім беру ортасындағы психологиялық қауіпсіздігін арттыруға, салауатты өмір салтын сақтауға, кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын-алуға бағытталған бірқатар тапсырма берді.