Жылыойда наркологиялық есепте бір үйден 2 бала тұр

Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың төрағалығымен өткен комиссия отырысында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөнінде айтылды. Бұл туралы облыстық Білім беру басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіровтің мәліметінше, қазіргі уақытта Жылыой ауданы бойынша полиция есебінде 9 кәмелетке толмаған жасөспірім бар.
Бақытгүл Хаменова Жылыой ауданында наркологиялық есепте бір үйден екі баланың тұруын сынға алып, аудан басшылығына тиісті жұмыстар атқарылуын тапсырды.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, бүгінде облыстық​ психикалық​ денсаулық орталығында психиатриялық есепте тұрған науқастар үшін 145 төсек-орын бар. Оның ішінде наркологиялық патологиясы бар кәмелетке толмағандар үшін 5 төсек-орын жасақталған. Және ұшпа қосылыстарды қолдану бойынша қазіргі уақытта кәмелетке толмаған үш құлсарылық тіркеуге алыныпты. Барлық балаларға нарколог маман тексеріс жүргізуде.

​Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары жауапты органдарға​ балалардың білім беру ортасындағы психологиялық қауіпсіздігін арттыруға, салауатты өмір салтын сақтауға, кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын-алуға бағытталған бірқатар тапсырма берді.