Облыстағы құрылыс жұмыстарына 692 млрд. теңге жұмсалды
Атырау облысында жыл басынан бері 615 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов айтты.
– Құрылыс жұмыстарының көлемі 692 млрд. теңгені, нақты көлем индексі 104,3 пайызды көрсетті. Республикадағы өңірдің үлес салмағы – 19 пайыз. Жыл басынан бері облыста 615 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, 5 204 орынға арналған 10 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Апатты бір мектептің орнына жаңа білім ордасы салынды. Жылдың соңына дейін тағы 4 мектептің құрылысы аяқталады. 5 нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Осылайша, үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер проблемасы кезең-кезеңімен шешіледі, – деді өңір басшысы.
Биыл 15 балабақшаның құрылысы басталған. Оның ішінде 9 балабақша мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында салынып жатырса, 4-еуі пайдалануға берілді. Сонымен қатар, өңірде студенттерге арналған жатақхана, мәдениет үйі, демалыс аймағы, спорттық және денсаулық сақтау нысандары құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқандығын айтты.