105 қару тәркіленді
Республикалық «Учаске» жедел профилактикалық алдын алу іс-шарасы барысында Атыраулық полицейлер облыстағы 6 804 қару иелерінің 4 455-ін тексерді.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, учаскелік инспекторлар азаматтық қаруды сақтау және алып жүру ережелеріне қатысты 148 бұзушылықты анықтаған. Қару сақтау ережелерін бұзғандардың 53-і ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабымен, 95-і 486-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін барлығы – 105 қару, оның ішінде заңсыз сақталған 13 қару тәркіленді.
Шара барысында, Индер аудандық полиция қызметкерлерімен 279 қару иесі тексерілген.
Аудан орталығының 62 жастағы тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынса, заңсыз қару сақтаған Елтай ауылының тұрғынына 482-баппен әкімшілік хаттама толтырылып, аудандық сотқа жолданды.
Қыстақтарды аралау барысында Қызылқоға ауданының Тайсойған ауылдық огругіне қарасты шаруа қожалықтарының 34 және 25 жастағы иесінен құжаттары жоқ, ІІО тіркелмеген, заңсыз сақтаудағы 16 мм калибрлі екі азаматтық қару табылып, тәркіленді.
«Учаске» жедел іс-шарасы 1 желтоқсанға дейін жалғасуда.