Қазақтар кедейленіп барады
Finprom.kz сайтының хабарлауынша, осы жылдың екінші тоқсанында табысы төменгі күнкөріс деңгейінен аз тұрғындар саны 5,7%-ға дейін өсті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 4,3% болған.
Осы жылғы көрсеткіш – 2011 жылдан бергі ең нашар көрсеткіш. Аталған жағдай елдегі экономикалық белсенділіктің төмендеуі, сондай-ақ, коронавирустық дағдарыстың салдарынан болған. 2020 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 32,6 мың теңге болды.
Жалпы, табысы төменгі күнкөріс деңгейінен аз тұрғындар саны 1,1 млн. адамға жетті. Қала мен ауылдық жерлерде көрсеткіштер бойынша айтарлықтай айырмашылық бар. Мәселен, кірісі күнкөріс деңгейінен аз қазақстандықтардың 7,8%-ы ауылдық жерлерде, 4,2%-ы қалаларда тұрады. Аталған көрсеткіш еліміздің барлық аймағыда байқалады.
Осы жылдың екінші тоқсанында кедейліктің ең жоғары деңгейі Түркістан облысында – 12,8%, Солтүстік Қазақстанда – 7,4%, Жамбыл және Қызылорда облысында – 6,9%, Ақмола облысында 6,7% тіркелді.
Кедейліктің ең аз деңгейі елордада – 1,4%, сондай-ақ, Қарағанды – 2,4% және Атырау облысында 3,1% тіркелді.