Әкім жағалаудың жаңа келбетімен танысты
Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов қоғам белсенділері және жауапты сала мамандарымен бірге Атырау қаласындағы Жайық өзені жағалауын абаттандыру жұмысымен танысты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
⠀
Жағалауды абаттандыру жұмыстары «НКОК» компаниясының қаржыландыруымен Бейбарыс көпірінен Жастар саябағына дейін жүргізілуде. Қаланың еуропа бөлігіндегі 7,86 гектар аумақты қамтыған. Құрылыс-монтаждау жұмыстары жүретін аумақтың жалпы ұзындығы – 1 861 метр.
⠀
Қазіргі уақытта жағалаудың жаңа учаскесінде Атырау қаласының көркем символдары, «Шаңырақ» архитектуралық үлгіде жасақталған аумақ, балаларға арналған және денешынықтыру, жүгіру, демалыс алаңдары, орындықтар мен күркелер орналастырылған. Пирс пен жағажай аумағы да абаттандырылады деп күтілуде.
Жағалаудағы монтаж бен абаттандыру жұмыстарына қатысты бірқатар сын айтқан облыс басшысы жұмыстың сапалы болуын ескертіп, кейбір олқылықтарды түзеуді тапсырды.
Ал жағалауды арбасымен аралап шыққан қоғам белсендісі Гүлнәз Қосмұрзиева жағалаудағы жүгіруге, велосипетпен жүруге және жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың көңілінен шыққанын айтады. Және мердігер компанияға мүмкіндігі шектеулі жандар мен балаларын арбамен серуендететін аналарға да қолайлы болу үшін бірнеше ұсыныстар айтты. Олар оның жуық арада орындалатынын жеткізді.